Илья Ильин Ашхабадтағы Әлем чемпионатына қатыспайды
Ауыр атлетикадан төрт дүркін Әлем чемпионы Илья Ильин қараша айында Түркменстан астанасында өтетін әлем біріншілігіне қатыспайтынын мәлімдеді.
Өзінің бұл шешімін спортшы омыртқасындағы жарақатына байланысты екенін айтты. Дегенмен, Илья Ильин Ашхабадтағы турнирге Ұлттық құрама делегациясы сапында баратындығы айтылуда. Алдағы біріншілікте ол еліміздің басқа спортшыларына қолдау көрсетіп, кеңесші есебінде болады.
Естеріңізге сала кетейік, Илья Ильин допинг дауына қатысты дисквалификациядан кейін үлкен спортқа қайта оралып, қыркүйек айында Талдықорғанда өткен Қазақстан чемпионатында топ жарған еді.