Аргентинада «Дакар-2015» жарысы басталды
«Дакар» жарысы – жылдың басында өтетін спорт шараларының ішінде ең атақтысы. Бұл сайысқа әлемнің ең мықты әрі кәсіби автошабандоздары жиналады. Раллиге тек үздік автокөліктер мен командалар қатысады.
Олар сайыстың төрт түрі бойынша сынға түседі: мотоциклдер, жол талғамайтын көліктер, жүк көліктері мен квадроциклдер.
«Дакар-2015» раллиі тағы да Оңтүстік Американың үш мемлекетінде, яғни Аргентина, Чили мен Боливияда өтеді. Ол Аргентина астанасы Буэнос-Айресте басталып, сонда аяқталады. Қатысушылар жалпы 9 мың шақырым (5 шақырым арнайы аймақ) жол жүреді.
Қазақстандық төрт экипаж да техникалық комиссиядан сәтті өтті. Т1 категориясындағы жол талғамайтын көліктер сайысында Қазақстан атынан «Astanamotorsports» командасының мүшелері Айдын Рақымбаев пен Бауыржан Исабаев қатысады.
Т2 категориясында Қазақстан атынан жүргізуші Денис Березовский мен штурман Игнат Фальков қатысады.
Ал, жүк көліктерінің арасындағы раллиге «Astanamotorsports» командасында Артур Ардавючус бастаған тәжірибелі ұжымы сынға түседі.
Жарыс алғашқы кезеңінде қатысушылар Аргентина астанасы мен Вилла Карлос Пас қаласы арасында 838 шақырым жол жүруі керек. Бұл жолдың 178 шақырымы – арнайы аймақ.