«Барыс» плей-офф сатысында алға шықты
Бүгін елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасы плей-офф сатысында Ресейдің «Металлург» (Магнитогорск) командасымен үшінші кездесуін өткізді.
Ойынның алғашқы кезеңі тартысқа толы болды. Қос команда шабуылға көбірек шықты. Дегенмен бірінші кезеңде қос команда бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ.
Екінші кезеңде де ойын жағдайы осыған ұқсас болды. Хоккейшілер өте сақ ойнады. Екі кезеңде төрешілер бір мәрте ғана хоккейшіні айдыннан қуды.
Үшінші кезеңнің 46-минутында «Металлург» хоккейшісі Сергей Мозякин командасын алға шығарса, 46-минутында «Барыс» сапынан Даррен Диц таразы басын теңестірді. Кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды. Ойын овертаймға ұласты. Овертаймда елордалық хоккейші Линус Виделль жеңіс шайбасын соқты. Нәтижесінде «Барыс» 2:1 есебімен жеңіске жетті.
Естеріңізге сала кетелік, бұдан бұрын командалар биылғы плей-офф сатысында екі мәрте мұзайдынға шықты. Елордада өткен алғашқы ойында «Барыс» қарсыласын 4:0 есебімен тізе бүктірсе , одан кейін ресейлік хоккейшілерге 0:3 есебімен жол берді.
Осылайша ойындар сериясы 1:1 есебімен теңесті.
Енді 7 наурызда Магнитогорск қаласында тағы бір ойын болады. Жарыс талабы бойынша кезеңнің аталмыш сатысында команданың біреуі төрт жеңіске жеткенге дейін созылады. Қажет болған жағдайда қосымша ойындар 9, 11, 13 наурыз күндері өткізіледі.
Фото: hcbarys.kz