Қазақстандық спортшылар Токио Олимпиадасына 37 жолдама жеңіп алды
Иорданияның астанасы Амман қаласында өтіп жатқан бокстан Олимпиадаға іріктеу турнирінде лицензияға қол жеткізген барлық боксшылардың есімі белгілі болды.
Ерлер құрамасы 7, әйелдер құрамасы 1 жолдамаға ие болды.
Айта кетейік, аталған Олимпиадалық іріктеу турнирінде ерлерден 8 салмақ, әйелдерден 5 салмақ санатында жалпы 13 боксшы сынға түскен болатын. Олар: ерлерден 52 келі салмақта Сәкен Бибосынов, 57 келіде Серік Теміржанов, 63 келі салмақта Зәкір Сафиуллин сынға түссе, қазақтың «салмағы» атанып кеткен 69 келіде Абылайхан Жүсіпов ел намысын қорғады. Ал 75 келі салмақ санатында Әбілхан Аманқұл, 81 келіде Бекзад Нұрдәулетов, 91 келі салмақта Василий Левит және аса ауыр салмақта (+91 келі) Қамшыбек Қоңқабаев ел намысын қорғады. Осы аты аталған боксшылар арасынан Сәкен Бибосыновтан басқасының барлығы Токио Олимпиадасына жолдама жеңіп алды.
Ал қыздар боксынан 51 келіде Ангелина Лукас, 57 келіде Дәметкен Келімбет, 60 келі салмақта Римма Волосенко, 69 келіде Валентина Хальзова және 75 келі салмақта Надежда Рябец ел намысын қорғады. Бұл боксшылар арасынан тек Надежда Рябец Токио Олимпиадасына жолдаманы ұтты.
Фото: 2000.ua