АСТАНАДА ЖАСӨСПІРІМДЕР ОЛИМПИАДАСЫНА ҚАТЫСАТЫН СПОРТШЫЛАРДЫ ШЫҒАРЫП САЛУ РӘСІМІ ӨТТІ
Бүгін елордада Қазақстан ұлттық құрамасын 6-18 қазан аралығында Аргентина астанасы Буэнос-Айресте өтетін ІІІ жазғы жасөспірімдер Олимпиадасына шығарып салу рәсімі өтті.
Аталған іс-шараға Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті мен ҚР мәдениет және спорт Министрлігінің өкілдері, бапкерлер мен спорттық делегацияның жалпы құрамы қатысты. Жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстан намысын спорттың 22 түрі бойынша 57 спортшы қорғайды (тізім қосымшада). Отандық спортшылар жасөспірімдер Олимпиадасына 41 жолдама жеңіп алды.
«Сіздер спорт әлеміне енді қадам бастыңыздар. Көпшілігіңіз үшін Аргентинадағы дода өмірлеріңіздегі ең ірі жарыс болары анық. Жылдар бойы жаттығу залында төккен тердің өтеуі - намысты қолдан бермей, әлемдік сында абыроймен оралу болмақ. Сол себепті, бүкіл әлем тіккен додада Қазақстан намысын сіздерге сеніп тапсырдық. Жасөспірімдер Олимпиадасы сіздердің болашақ жеңістеріңізге жол бастайын дода болмақ. Бұл ірі жарыстардың рухын сезінуге көмектеседі. Жасөспірімдер Олимпиадасы сіздердің спорттық ғұмырларыңыздың іргетасы болары сөзсіз!» деді Ұлттық Олимпиадалық комитетінің Спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов.
Жасөспірімдер Олимпиадасының ашылу салтанатында Қазақстан байрағын 18 жастағы боксшы Дамир Тойбай алып шығады. Ол биыл өткен Азия чемпионатының жеңімпазы.
«Біз – ұлттық құрама мүшелері, аталған ойындарда әлемнің ең мықты атлеттерімен күш сынасып, Қазақстан халқының намысын қолдан бермей, жеңіске жетуге, туымызды тек биікте желбіретуге бар күш-жігерімізді саламыз. Еліміздің көк байрағы маған сеніп тапсырылды, сондықтан да бұл мәртебенің қаншалықты жауапкершілік жүктейтінін сезінемін. Өзіме көрсетілген зор сенімді ақтауға тырысып, туымызды спорттық аренаның биігінде алып өтеміз және осы халықаралық сайыста абыроймен ораламыз деп, уәде беремін!», деді Дамир Тойбай.
Бокстан Олимпиада чемпионы, бүгінде олимпиадалық даярлау орталығында жас спортшыларды тәрбиелеп отырған Ермахан Ыбырайымов жастарға ақ жол тіледі.
III жазғы жасөспірімдер Олимпиадасы 6-18 қазан аралығында Буэнос-Айресте өтеді. Төртжылдық додасына 206 елден 15-18 жас аралығындағы 3926 спортшы қатысады. 32 спорт түрі бойынша медальдар жиынтығы сарапқа салынады. Олимпиадалық қозғалыс тарихында алғаш рет жасөспірім ұлдар мен қыздардың саны теңесті – 1963 адам. Жарыс бағдарламасына алғаш рет брейк-данс, каратэ, спорттық құзға өрмелеу, роллер-спорт, жағажай гандболы және футзал енді.
Еске сала кетейік, 2014 жылы Қытайдың Нанкин қаласында өткен Жасөспірімдер Олимпиадасында қазақстандықтар сегіз медаль жеңіп алды. Біздің құрама спортшылары үш алтын, бір күміс және төрт қола медальмен оралған еді. Бауыржан Жауынтаев (дзюдо), Абылайхан Жүсіпов (бокс) және Қуатбек Мұхамбет (еркін күрес) Жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы атанды. Жалпы есепте Қазақстан құрамасы 21-ші орыннан көрінді.
III жазғы жасөспірімдер Олимпиадасын "QAZSPORT" арнасы тікелей эфирде көрсетеді.
Қазақстан ҰОК баспасөз қызметі