«Еуразия Барысының» барлық қатысушылары анықталды
7 желтоқсанда Тараз қаласында өтетін қазақша күрестен халықаралық «Еуразия Барысы» жарысының барлық қатысушылары анықталды.
Жарыстың жеңімпазы атану үшін сегіз елдің – Қазақстан, Ресей, Тәжікстан, Қытай, Польша, Түркия, Иран мен Моңғолияның палуандары күреседі. Әр елден бес палуаннан келеді.
Жалпы жүлде қоры 100 мың доллар болатын бұл жарыс бес салмақ дәрежесінде өтеді: 60 келіге, 70 келіге, 80 келіге, 90 келіге дейін және 90 келіден жоғары. Жекпе-жектер әлемнің 120 мемлекетінде көрсетіледі.
Қазақстан құрамасының атынан алматылық Абзал Арыстанбеков (60 келі), арқалық мектебінің түлегі Ерлан Естеу (70 келі), қарағандылық Ерсін Мұхамеджанов (80 келі), семейлік Мұхит Тұрсынов (90 келі) және «Қазақстан Барысы – 2012» жарысының жеңімпазы тараздық Бейбіт Ыстыбаев белдеседі.
Естеріңізге сала кетейік, сіздер бұл жарысты 7 желтоқсан күні сағат 13:00-де тікелей эфирде «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы мен KAZsport телеарнасынан көре аласыздар.