«Қазақстан» телерадиокорпорациясы «Комментатор сөздігін» таныстырды

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы «Комментатор сөздігі» мен «Редакция стандартын» таныстырды
Бүгін «Қазақстан» телерадиокорпорациясының қазақ тіліндегі спорт терминдеріне арналған алғашқы «Комментатор сөздігі» мен Корпорация қызметкерлеріне арналған бірыңғай «Редакция стандарты» таныстырылды.
«Қазақстан» телерадиокорпорациясының «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары жыл сайын жалпы көлемі 5,5 мың сағаттан астам трансляция таратады. «Qazsport» телеарнасында спорттық сайыстардың 70 пайызы қазақ тілінде өтсе, «Qazaqstan» телеарнасында толықтай мемлекеттік тілде жүргізіледі. Комментаторлардың мұндай ауқымды эфирлерді сапалы әрі мазмұнды жүргізуі үшін спорт саласын терең меңгеру жеткіліксіз, сонымен қатар тіл заңдылықтарын білу де маңызды. Жалпы қолданатын ортақ терминологиялық база болмағандықтан және бір спорт түрін бірнеше комментатор жүргізетіндіктен, спорттық ұғымдар да әртүрлі қолданылып келді. Бұл бір жағынан көрерменнің ақпаратты қабылдауына қиындық тудырса, екінші жағынан тілдік тұтастыққа кері әсерін тигізеді. Жоба осы бағытта айтылып жүрген сын-ескертпелерді ескере отырып, қазақ тіліндегі комментаторлықтың сапасын арттыру мақсатында қолға алынды», - деді «Қазақстан» РТРК» Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.
Сөздікті дайындауға тілші-журналистер, лингвист-ғалымдар мен Корпорация мамандарынан құралған 50-ге жуық маман бір жылға жуық уақыт атсалысты. Нәтижесінде эфирде жиі трансляцияланатын баскетбол, биатлон, бокс, волейбол, гандбол, гимнастика, дзюдо, мәнерлеп сырғанау, күрес, конькимен жүгіру, теннис, футбол, футзал, хоккей және шорт-трек сынды 15 спорт түріне қатысты 1200 термин топтастырылды.
Жоба түсіндірме сөздік форматында жасалған. Бірінші бағанда термин, екінші бағанда оның түсіндірмесі жазылған. Көп жағдайда сөздер тек қазақ тілінде берілсе, кей жерлерде шет тілінен енген терминдердің баламасы жақша ішінде көрсетілген. Яғни, жинақ халықаралық терминдерден біржола бас тарту мақсатын көздемейді.
Сөздік Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми кеңесінде қаралып, мақұлданды.
Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай жобаның жалғасы ретінде ұлттық спорт түрлеріне арналған терминологиялық сөздік әзірленетінін атап өтті.
«Еліміздегі ірі медиаұйым ретінде, Корпорация халықаралық БАҚ қағидаттарына негізделген Редакция стандартын қабылдап отыр. Бұл құжат әріптестеріміздің жауапкершілігін нығайта отырып, кәсіби дамуын да қамтамасыз етеді», - деп атап өтті Басқарма төрайымы.
Редакция саясатының ашықтығын арттыру мақсатында құжат «Қазақстан» РТРК» АҚ ресми сайтында жарияланды. «Комментатор сөздігі» жинағы отандық комментаторлар мен ірі БАҚ ұйымдарына қолданысқа беріледі.