Басты Жаңалықтар Геннадий Головкин чемпиондық атағын қорғауға дайын

Геннадий Головкин чемпиондық атағын қорғауға дайын

Геннадий Головкин чемпиондық атағын қорғауға дайын

Монако. Монте-Карло. Салле де Этоиле.

Әлем назары сенбі, 1 ақпан күні Монте-Карлоға ауады. Бұл күні Салле де Этоиле аренасында кәсіпқой бокс кеші өтеді. Бокс кешінің ең басты жекпе-жегінде кәсіпқой бокстан WBO және IBO тұжырымы бойынша Әлем чемпионы, қазақстандық Геннадий Головкин чемпиондық атағын қорғайды. Оның қарсыласы – ганалық боксшы Осуману Адама.

Геннадий Головкин кәсіпқой бокста өткізген 28 кездесудің барлығында жеңіске жетіп, 25 жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтаған.  Ганалық боксшы  шаршы алаңда 25 жекпе-жек өткізіп, оның 22-де жеңіске жеткен. Ал үш кездесуде жеңілістің ащы дәмін татқан.

Сонымен қатар, бұл кеште жартылай орта салмақта (66,7 келіге дейін) ресейлік Роман Белаев (12-0-0, 10)  пен   Ирландия боксшысы  Дин Бирн (17-2-1, 6) WBA Continental атағына таласады.

Ал орта салмақта (72,6 келіге дейін) WBA  тұжырымы бойынша құрлықаралық чемпион, украиналық боксшы Макс Бурсак (29-1-1, 12) австралиялық Джеррод Флетчермен (17-1-0, 10) өткізетін жекпе-жекте чемпиондық атағын қорғайды.

Сонымен қатар, ауыр салмақта (90,7 келіге дейін) конголық боксшы Илунга Макабу (15-1-0, 14) мен аргентиналық Рубен Анхель Мино (20-0-0, 20) жұдырықтасады.

Бокс кеші Астана уақыты бойынша 22:40-та басталады. «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы мен «KAZsport» телеарнасы Монте-Карлодан тікелей көрсетілім ұсынады.

 

Бөлісу