Головкин - Сондерс арасындағы жекпе-жек күзде өтуі мүмкін
Қазақстандық чемпион Геннадий Головкин британиялық Билли Джо Сондерспен күзде жұдырықтасуы мүмкін.
Орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин (37-0-1, 33 КО) мен британиялық Билли Джо Сондерс (26-0, 12 КО) мамыр-маусым аралығында кездесу өткізуге келісе алмағанмен, бұл мәміле өзектілігін жойған жоқ. Британиялық боксшының промоутері Фрэнк Уорреннің сөзіне қарағанда, жекпе-жекті күзде ұйымдастыру үшін келіссөздер жүріп жатыр.
«Мен Головкиннің промоутері Том Леффлермен сөйлестім, Головкин-Сондерс жекпе-жегін күзде өткізуді жоспарлап жатырмыз. Билл қолынан жарақат алған еді. Ал Головкиннің командасы жекпе-жекті 5 мамыр күні өткізуді жоспарлаған. Бұл жекпе-жекті маусымда өткізу де мүмкін болмай тұр», - дейді ол BoxingScene басылымына берген сұхбатында.
«Оның үстіне Билл 23 маусымда Мартин Марреймен кездесіп, титулын қорғайды. Жеңген жағдайда, күзде Головкинмен кездесуде титулдарды біріктіру мүмкіндігі туады. Ол ауқымды кездесу болатын еді, біз оны Британияда қуана өткізер едік», - дейді Фрэнк.
Айта кетейік, 4 сәуірде Golden Boy промоутерлік компаниясының президенті Эрик Гомес Альварес пен Головкин арасындағы екінші кездесу 5 мамырда мексикалықтың бас тартуына байланысты болмайтынын мәілмдеген болатын. Бірақ олардың тарапынан аталған рематч бәрібір де 2018 жылы өтетініне үмітті екенін айтты.
Қазіргі уақытта отандасымызбен кездесу өткізуге бірнеше боксшы дайын екенін айтты. Олардың қатарында америкалық боксшылар Джермалл Чарло, Деметриус Андраде, украиналық Сергей Деревянченко, ирландиялық Гэри О'Салливан, бразилиялық Ямагучи Фалькао, екінші орта салмақтағы WBO чемпионы Хильберто Рамирес және кіші Хулио Сезар Чавес бар.