Геннадий Головкиннің жекпе-жегі өтетін жер таңдалуда
Бокстан орта салмақтағы Әлемнің экс-чемпионы, қазақстандық Геннадий Головкиннің кезекті жекпе-жегі өтуі мүмкін қалалар таңдалуда. Головкиннің промоутері Том Леффлердің айтуынша қазіргі таңда Сан-Антонио, Нью-Йорк, Лос-Анджелес және Лас-Вегаста бокс кешін ұйымдастыру мүмкіндігі бар. Көрсетілген нұсқалардың ішінде Сан-Антонио қаласындағы Alamodome спорт кешені фаворит саналуда. Себебі, GGG бұл жерде әлі жұдырықтаспаған.
Отандасымыз маусым айында DAZN стримингтік сервисіндегі алғашқы кездесуін өткізуі жоспарланған. Оның қарсыласы польшалық Камил Шеремта (19-0, 4 KO) немесе америкалық Брэндон Адамс (21-2, 13 КО) болуы мүмкін.
Сарапшылардың айтуынша маусым айындағы Головкиннің жекпе-жегінде қарсыласы ортаңқол боксшы болады. Ал күзде "GGG - Canelo" трилогиясын тамашалау мүмкіндігі бар деп күтілуде.