Қазақстандық шаңғышылар 15 Олимпиада лицензиясын ұтып алды
ХХІІІ Қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстан құрамасы шаңғы спорты түрлерінің 15 лицензиясын жеңіп алды.
Оның ішінде шаңғы жарысында 6 лицензия (2 ер, 2 қыздар арасында, 2 жалпыкомандалық). Сонымен қатар, 3 лицензиядан фристайл-могул (2 ер, 1 қыздар арасында) мен фристайл-акробатика (3 қыздар арасында) бойынша ақ Олимпиадада ел спортшылары өнер көрсететін болады.
Сондай-ақ, базалық квоталар: тау шаңғысы 2 лицензия (1 ерлер, 1 әйелдер арасында) және трамплиннен секіру спорты бойынша ерлер арасындағы бір лицензия бар. Қазақстандық спортшылар Олимпиада ойындарында шаңғы қоссайысы, сноуборд және фристайлдың ски-кросс, хафпайп, слоупстайл түрлері бойынша қатыспайды.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан құрамасы Қысқы Олимпиадада спорттың 9 түрінен ел намысын қорғайды. Қысқы Олимпиада ойындары 9-25 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтеді.