Арқaн тартыстан тұңғыш ел чемпионаты аяқталды
7 наурыз күні Астана қаласы, «Аспан» спорт кешенінде Республикалық арқан тартыс федерациясы алғаш рет БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді. Сонымен қатар, 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарына арқан тартыстан ерлер мен әйелдер арасында іріктеу жарысын өткізді.
Баспасөз мәслихатын ашып берген ҚР «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының» директоры Бағдәулет Сәбитов:
- Барлықтарыңыз білетіндей, ұлттық ойынымыз «Арқан тартыс» 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасына енген. Сол себептен осы жылдың қаңтар айында арқан тартыс федерациясын құрдық. Президенті болып Ілиясов Еркебұлан Сайдоллаұлы тағайындалды. Федерацияның даму бағыты бойынша вице-президенті болып ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, спорт қайраткері Жабаев Нұрлан Жанпейісұлы болды. Астанада 2024 жылдың 8-14 қыркүйегі аралығында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Ойындарға 100-ден астам елден 4 мыңға жуық қатысушы келеді деп жоспарланып отыр. Бұл – әлем жұртшылығына көшпенділердің даналығы мен дәстүрін, мәдениеті мен өнерін паш ететін халықаралық деңгейдегі айтулы мереке. Осы ретте ұлттық ойындарымыз да ұлықталары сөзсіз.
ҚР «Арқан тартыс» федерациясының президенті Ильясов Еркебұлан Сайдуллаұлы:
- Айта кететін дүние, арқан тартыс әлемнің 75 елінде ресми спорт ретінде тіркелген. Халықаралық арқан тартыс федерациясы да бар. Біз 76-шы болып тіркелдік. Ұлттық саортымыздың елімізде дамығанын біз де қалаймыз. Сондықтан жүйелі жұмыстарды бастап кеттік. Қазіргі таңдағы біздің басты мақсатымыз Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында арқан тартыстан қатысатын ел құрамасын жасақтау. Сол үшін ақпан айының басында еліміз бойынша аймақтық іріктеуді ұйымдастырдық. 15 миллион 400 мың теңгені құратын арнайы жүлде қорын да дайындадық. Жүлделі орындарға қаражатты Alageum Electric қазақстандық электр машина жасау холдингі бөлді. Аймақтық іріктеу жарыстарының жүлдегерлеріне бірінші орынға 500 мың теңге, екінші орынға 300 мың теңге, үшінші орынға 200 мың теңге сыйақы мен бағалы естелік сыйлықтарды табыстадық. Ал республикалық іріктеудің жеңімпаздарына 1 миллион теңгеден табыстаймыз.
«Арқан тартыс» федерациясының вице-президенті Нұрлан Жабаев:
- Көшпенділер ойынында ел намысын қорғайтын команданы жасақтау үшін, аймақтық іріктеуді өткіздік. Іріктеу еліміздің бес өңірінде 13-28 ақпан аралығында өтті. Ақтық сынға жолдама алғандар: Орталық аймақтық іріктеудің жеңімпазы Ұлытау, Солтүстік аймақтан Қостанай, шығыс аймақтан Шығыс Қазақстан, батыс аймақтан Маңғыстау, оңтүстік аймақтан Жамбыл облысының командалары ерлер арасында бақ сынасады. Әйелдер арасында Астана қаласы, Ақмола, Абай, Ақтөбе, Жамбыл облысының әйелдер құрамасы кім мықтыны анықтайды. Осы жарыстан соң Ұлттық құрамамыз жасақталып, Алла қалап, көшпенділер ойынында алтыннан алқа тағатын команда құрауды нәсіп етсін.
Республикалық іріктеу кезеңінің финалы туралы баяндасақ. Ерлер командалары арасында қарсылас шақ келтірмеген Шығыс Қазақстан облысының спортшылары алтыннан алқа тақты. Олар мүмкін болған 12 ұпайдың барлығын жеңді. Жүлделі екінші орын Қостанай облысына бұйырса, үздік үштікті Ұлытау облысы түйіндеді. Ал әйелдер арасындағы бәсекеде Абай облысының арулары жеңіске жетсе, екінші орынға Астаналық арулар табан тіреді. Үшінші орынға Ақтөбе облысы жайғасты.
Финалдық тартыста жеңіске жеткен команда ішінен 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорғайтын ұлттық құрама жасақталатынын тағы да естеріңізге саламыз.