Қазақ балуандары "Mongolia Open" халықаралық турнирінде сәтті өнер көрсетті
Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда еркін және әйелдер күресінен "Mongolia Open" халықаралық турнирі мәресіне жетті.
Жарыстың алғашқы күні жүлдесіз қалған қыздар құрамасы бүгін ел қоржынына бірден төрт медаль салды. Атап айтсақ, 76 келіде күрескен Рио олимпиадасының қола жүлдегері Эльмира Сыздыкова финалда монголиялық балуанды ұтып, турнирдің бас жүлдесін жеңіп алды. Дәл осы салмақта күрескен Гулмарал Еркебаева қола жүлдеге ие болды.
68 келідегі Жамилә Бақбергенова мен 53 келідегі Айгүл Нуралім тиісінше күміс және қола медальдарды жеңіп алды. Айта кетейік, Айгүл қола медаль үшін белдесуде қазақстандық тағы бір бойжеткен Мадина Рамазановамен шығуы керек болатын. Алайда, Мадинаның жарақатына байланысты жеңіс Айгүлге берілді.
Ерлер арасындағы бәсекеде 86 келідегі Әсет Дәуленбаев пен 97 келідегі Бақдәулет Әлментай өз салмақтарында чемпион атанды. Ал Саятбек Оқасов (65 келі) пен Данияр Қайсанов (74 келі) өз кезегінде күміс және қола жүлдегерлер атанса, Қуат Әміртаев (61 келі) пен Олег Болтин (125 келі) "Mongolia Open" турнирінің қола жүлдегерлері атанды.