Жастар арасындағы азия чемпионатында қазақ балуандары 4 қола жеңіп алды
Үндістанның Нью-Дели қаласында жастар арасында Азия чемпионаты басталды. Күрестің үш түрінен өтетін құрлық біріншілігі апта соңына дейін жалғасады.
Жарыстың бірінші күні бозкілемге шыққан грек-рим күресінің балуандары бес салмақта жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтады. Жас балуандарымыз бұл сында ел қоржынына төрт қола медаль салды.
55 келі салмақта күрескен Арслан Абдурахманов жартылай финалда үнді балуанынан 10:15 есебімен жеңіліп қалды. Есесіне, қола медаль үшін болған айқаста жапон балуанын жеңді. Тартысты өткен белдесу 8:7 есебімен Арсланның пайдасына шешілді.
63 келідегі Тілек Әсембаев ширек финалда ирандық балуаннан ұтылғанымен, қола медаль үшін болған белдесуде түркіменстандық балуаннан 6:1 есебімен айласын асырды.
87 келідегі Санжар Темірбек пен 130 келідегі Антон Савенко да Азия чемпионатының қола медаліне ие болды. Санжар алғашқы айналымда 9:0 есебімен өзбек балуанын жеңді. Ал жартылай финалда қытай балуанынан 2:4 есебімен ұтылды. Қола медаль үшін болған шешуші белдесуде қырғыз балуанына еш мүмкіндік қалдырған жоқ – 9:0.
Аса ауыр салмақтағы Антон Савенко бірінші белдесуінде 1:2 есебімен Иран балуанына ұтылды. Бірақ, қола медаль үшін күресте Қытай балуанын 8:0 есебімен жеңді.
Жарыстың бірінші күні сарапқа салынған бес салмақтың бас жүлдесіне Иран мен Үндістан балуандары ие болды. Иранның жас балуандары 4 салмақта (55, 63, 87, 130) топ жарса, Үндістанға 77 келі салмақтың бас жүлдесі бұйырды. Өкінішке қарай, бұл салмақта күрескен Даулет Жалғасов жүлдесіз қалды.
olympic.kz