Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы жолдастық кездесуде Грузияны жеңді.
Кеше футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Грузиямен кездесіп, 1:0 есебімен жеңіске жетті. Ойын жолдастық сипатта болса да, қос команда тыңғылықты дайынықпен келген екен. Бұл кеште ұлттық құрамада көптен көрінбеген Нұрбол Жұмасқалиев жасыл алаңға шықты. Сондай-ақ, қонақтар да Жано Ананидзе, Жаба Канкава сияқты негізгі футболшыларын ойынға қосты.
Грузия футболшыларының шеберлігі алғашқы минуттардан-ақ біліне бастады. Пас беру, допты өздерінде ұстау сияқты футбол элементтерін жетік меңгерген бұл құрама – күмәнсіз Еуропаның ортаңқол ұжымы. Дегенмен есепті алаң иелері ашты. Ойынның 17-шы минутында Дмитрий Шомко айып алаңының сыртынан соққы бағыттаған болатын. Грузиндердің қақпашысы бұл допты қайтарса да, Хижниченконың қайтара бағыттаған соққысын ұстай алмады. Осыдан кейін сауатты қорғанған қазақстандық футболшылар үзіліске дейін гол жіберген жоқ.
Екінші таймда кездесуге жаңа ойыншылар араласты. Беранек бапкер Сергей Остапенко, Мақсат Байжанов, Константин Энгель, Марк Гурман, Александр Мокин, Илья Юриндерді алаңға шығарып, ойнауларына мүмкіндік берді. Грузия құрамасының бапкері Темури Кецбая да бірнеше футболшысын алмастырды. Бірақ таблодағы көрсеткіш өзгермей, матчтың соңына дейін сақталды.