Олимпиада ойындарындағы қазақстандық спортшылардың 8 ақпан күнгі нәтижесі
Шаңғы шарысы:
Спринт жарысынан сынға түскен спортшыларымыз іріктеу кезеңінен аса алмады. Надежда Степашкина мәре сызығын 51-ші болып кесті. Ангелина Шурыга 60, Ксения Шалыгина 67, ал Ирина Быкова 68-орын алды. Бұл сайыста 1 және 2-орынды швед спортшылары иеленді. Йонна Сундлинг Олимпиада чемпионы атанса, Майя Дальквист күміс жүлдеге қол жеткізді. Қола жүлдені АҚШ спортшысы Джессика Диггинс еншіледі.
Ерлер арасында өнер көрсеткен Евгений Величко жарысты 62-ші болып аяқтады. Ал Виталий Пухкало 66-орын алды.
Жарыстың алтын жүлдесін норвегиялық Йоханнес Клебо алды. Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері италиялық Федерико Пеллегрирно болды. Қола жүлдені Ресей Олимпиалық комитетінің өкілі Александр Терентьев жеңіп алды.
Биатлон.
20 шақырымдық жекелей жарыста ел намысын қорғаған Владислав Киреев мәре сызығын 25-ші болып кесіп, қазақстандық биатлоншылар арасындағы ең үздік нәтижеге қол жеткізді. Тағы бір спортшымыз Александр Мухин жарысты 51-ші болып аяқтады.
Чемпион атағын француз Кантен Фийон Майе жеңіп алды. Күміс жүлде Антон Смольскийдің (Беларусь) еншісінде. Қола жүлде норвегиялық Йоханнес Бёге бұйырды.
Енді спортшылар 10 ақпан күні спринт жарысында бақ сынайды.
Конькимен жүгіру.
1500 метр қашықтықта сынға түскен қазақстандық Дмитрий Морозов 01:47:01 уақыт нәтижесімен Олимпиада ойындарында 18-орын алды.
Олимпиада чемпионы Кьельд Нёйс (Нидерланд) болды. Нидерланд спортшысы әлем рекордының иегері. Осы жеңісінен кейін Нёйс екі дүркін Олимпиада чемпионы атанды.
Тағы бір нидерландтық спортшы Томас Крол Олимпиада ойындарының күміс жүлдесін жеңіп алды. Қола жүлдегер оңтүстіккореялық Ким Мен Сёк. 1500 метр қашықтықта алдымен Томас Крол Олимпиада рекордының авторы атанғанымен, Кьелд Нёйс бұл көрсеткішті жаңартып, жаңа нәтиже орнатты. Осылайша бұл қашықтықта Олимпиаданың үздік көрсеткіші екі рет жаңарды.