Қазақстан әйелдер құрамасы шахматтан Азия ұлттары кубогының қола жүлдегері атанды
Абу-Дабиде өткен Asian Nations Chess Cup 2026 турнирінде Қазақстан әйелдер құрамасы үшінші орынға ие болды. Шешуші кезеңде отандастарымыз Үндістан шахматшыларын 2,5:1,5 есебімен жеңіп, жалпы есепте үздік үштікке енді. Ал ерлер құрамасы жарысты төртінші сатыда аяқтады.
Әйелдер құрамасы турнирді сәтті бастап, алғашқы екі кезеңде Шри-Ланка мен Өзбекстанды бірдей 3:1 есебімен ұтты. Үшінші турда Ресейден жеңілгенімен (1,5:2,5), келесі кездесуде Жаңа Зеландияны 4:0 есебімен ойсырата жеңді. Алайда Қытай құрамасына 0,5:3,5 есебімен жол берді.
Мәреге бір тур қалғанда Қазақстан құрамасы Моңғолияны 3,5:0,5 есебімен жеңіп, жүлделі орындарға қайта таласты. Бұл кездесуде Ксения Балабаева, Елназ Қалиахмет және Лия Құрманғалиева жеңіске жетсе, Меруерт Камалиденова тең түсті. Соңғы кезеңде Үндістанды 2,5:1,5 есебімен тізе бүктірген қазақстандық шахматшылар турнирдің қола жүлдесіне ие болды. Алтын медаль Ресей құрамасына, күміс жүлде Қытай командасына бұйырды.
Жекелей есепте Меруерт Камалиденова алтын, Лия Құрманғалиева күміс, Ксения Балабаева қола медаль жеңіп алды.
Ерлер құрамасы да жарысты екі жеңіспен бастады. Алғашқы турларда Біріккен Араб Әмірліктерінің екінші құрамын 4:0, Шри-Ланка командасын 3:1 есебімен жеңді. Үшінші кезеңде Үндістаннан жеңілгенімен (0,5:3,5), кейін БАӘ-нің негізгі құрамынан 3,5:0,5 есебімен басым түсті.
Ресеймен кездесуде командалар 2:2 есебімен тең тарқасты. Одан кейін Өзбекстанды 2,5:1,5 есебімен жеңді. Жетінші турда Қытайға есе жіберген қазақстандықтар келесі кездесуде Малайзияны 3,5:0,5 есебімен ұтты. Ал соңғы кезеңде Моңғолия құрамасын дәл осындай есеппен жеңді. Бұл матчта Алдияр Аңсат, Әлішер Сүлейменов және Даниял Сәпенов қарсыластарынан басым түссе, Жандос Ағманов тең нәтиже тіркеді.
Осылайша, Қазақстан ерлер құрамасы тоғыз турдың алтауында жеңіске жетіп, бір кездесуді тең аяқтады. Екі рет жеңіліп, жалпы 13 командалық ұпай жинады. Қорытынды есепте Ресей бірінші, Үндістан екінші, Қытай үшінші орын алды. Қазақстан құрамасы төртінші сатыға тұрақтады.
Жекелей тақталар бойынша Денис Махнёв пен Даниял Сәпенов күміс, Әлішер Сүлейменов пен Жандос Ағманов қола медаль иеленді.
Айта кетейік, классикалық шахматтан Азия ұлттары кубогы 10–17 қараша аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Абу-Дабиде өтті. Жарысқа 12 әйелдер және 20 ерлер құрамасы қатысты. Әйелдер арасында жеті, ерлер арасында тоғыз тур ойналды.
Қазақстан әйелдер құрамасының сапында Меруерт Камалиденова, Ксения Балабаева, Елназ Қалиахмет, Лия Құрманғалиева және Зарина Нұрғалиева өнер көрсетті. Ерлер командасының намысын Денис Махнёв, Әлішер Сүлейменов, Алдияр Аңсат, Даниял Сәпенов және Жандос Ағманов қорғады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы