«Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары UFC жекпе-жектерін көрсету құқығына ие болды
Ultimate Fighting Championship (UFC) - аралас жекпе-жек спортында жылдам дамып келе жатқан спорттық ұйым. Бас кеңесі АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында орналасқан. Бүгінде UFC-дің кез-келген жекпе-жек кеші әлемнің түкпір-түкпірінен жүздеген телеарналар мен миллиондаған жанкүйерлерді жинайтын ауқымды шараға айналған.
Ерлан Қариннің айтуынша: ««Қазақстан» телерадиокорпорациясы бүкіләлемдік UFC спорт ұйымының жекпе-жектерін Қазақстан аумағында бір жарым жыл бойы көрсету құқығына ие болды. 2018 жылдың қыркүйек пен желтоқсан айлары аралығында «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарында UFC-тің 14 жекпе-жегі эфирге шығады. Соның ішінде, 6 қазан күні Лас-Вегаста өтетін ирландиялық Конор МакГрегор мен ресейлік Хабиб Нурмагомедовтың арасында өтетін UFC229 кеші де көрсетілетін болады. Ал, 2019 жылы 40-тан астам турнирдің көрсетілімі жоспарланып отыр. Жекпе-жек кештерінің негізгі көрсетілімінен бөлек, Қазақстандағы белгілі ММА мамандарының қатысуымен түрлі студиялық бағдарламалар мен атақты UFC спортшылары туралы арнайы хабарлар дайындалады. Аталған келісім-шарт елімізде осы спорт түрінің дамуымен қатар, қазақстандық спортшылардың халықаралық деңгейде дайындалуына септігін тигізетін болады».
«Сондай-ақ, біз 16 қыркүйек күні барша қазақстандықтар асыға күтіп жүрген Головкин мен Альварес арасындағы бокс кешін көрсететін боламыз. Сонымен қатар, 20 қыркүйектен бастап біздің арналарымызда «Qazaqstan FIGHTER» жобасының тұсаукесері болмақ. Бұл жобада жас спортшылар «Аралас жекпе-жектен Қазақстанның ең мықты спортшысы» атағы үшін сынға түсетін болады. Жобаның мақсаты - Қазақстандағы аралас жекпе-жек спортын дамыту» ,- деді Павел Цыбулин.