Өзбекстанда World Boxing Әлем кубогінің финалдық кезеңі өтеді
28 қараша мен 3 желтоқсан аралығында Өзбекстан астанасы Ташкентте World Boxing ұйымының 2026 жылғы Әлем кубогі сериясының финалдық кезеңі өтеді. Байрақты бәсекеге 31 елден 142 боксшы қатысады деп күтілуде.
Халықаралық жарысқа қатысатын спортшылар World Boxing ұйымының арнайы шақыртуы негізінде іріктеледі. Яғни турнирге кез келген боксшы қатыса алмайды. Үміткерлер жыл бойы өткен Әлем кубогі кезеңдеріндегі нәтижелері мен жинаған рейтингтік ұпайлары бойынша анықталады.
Үш кезеңнен тұратын 2026 жылғы Әлем кубогінің алғашқы екі кезеңі Бразилияның Фос-ду-Игуасу және Қытайдың Гуйян қалаларында ұйымдастырылды. Ал маусымның шешуші кезеңі Өзбекстанда өтеді.
Ташкенттегі жарыста ерлер мен әйелдер арасында 20 салмақ дәрежесі бойынша жүлделер сарапқа салынады. Әр салмақта сегізге дейін боксшы бақ сынайды. Қабылдаушы елге бір квота берілсе, қалған қатысушылар алдыңғы кезеңдердің нәтижелері бойынша іріктеледі.
Жарыстың алғашқы жекпе-жектері 28 қарашада басталады. Ал 3 желтоқсанда финалдық кездесулер өтіп, Әлем кубогінің жеңімпаздары анықталады.
Қазақстан құрамасы сапында жарысқа Даниял Сәбит (50 кг), Фарух Тоқтасынов (70 кг), Аман Қонысбеков (75 кг), Диас Молжігітов (80 кг), Сұлтанбек Айбарұлы (85 кг), Дәулет Төлемісов (90 кг), Карина Ибрагимова (57 кг), Бақыт Сейдіш (70 кг), Шұғыла Нәлібай (75 кг), Валерия Аксенова (80 кг) және Дина Исламбекова (+80 кг) қатысады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы