Қазақстанда алдағы екі жылда UFC турнирі өтуі мүмкін
2027–2028 жылдары Қазақстанда UFC турнирін ұйымдастыру мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов брифингте мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, аталған мәселе бойынша жыл басынан бері UFC өкілдерімен бірнеше кездесу өткізіліп, келіссөздер жүргізілген. Тараптар турнирді Қазақстанда өткізу мүмкіндігін талқылап жатыр.
«Жыл басынан бері UFC турнирін өткізуге қатысты бірнеше келіссөз бен жұмыс кездесуі өтті. Қазір де тиісті жұмыстар жалғасуда. Қараша айының соңында 2027–2028 жылдары Қазақстанда турнир ұйымдастыру мәселесі бойынша қандай шешімге келгенімізді толығырақ хабарлаймыз. Барлық қажетті жұмыс атқарылды», – деді Ербол Мырзабосынов.
Әзірге UFC турнирінің Қазақстанда өтетіні ресми түрде расталған жоқ. Сондай-ақ жарыстың қай қалада және қандай аренада ұйымдастырылатыны белгісіз. Министрлік келіссөздердің қорытындысын қараша айының соңына дейін жариялауды жоспарлап отыр.
Бұған дейін UFC президенті Дана Уайт та Қазақстанда турнир өткізу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірген болатын. Шілде айында UFC 329 турнирінен кейін қойылған сұраққа ол промоушеннің Қазақстанға келетінін растаған.
Ал 25 қазанда Абу-Дабиде өткен UFC 333 турнирінен соң Дана Уайт бұл мәселені тағы да қозғады. Қазақстанда шоу ұйымдастыру туралы сұраққа: «Жақын арада. Біз бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз», – деп жауап берген. Дегенмен нақты мерзімді атамады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы