12 қыркүйекте күрес түрлерінен әлем чемпионаты қарсаңында «Барыс-Арена» спорт кешенінің баспасөз орталығында «QAZSPORT» телеарнасының ұйымдастыруымен баспасөз мәслихаты өтеді
14-22 қыркүйек аралығында елордада тұңғыш рет күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтеді. Осыған орай 12 қыркүйекте «Барыс-Арена» спорт кешенінің баспасөз орталығында «QAZSPORT» телеарнасының ұйымдастыруымен баспасөз мәслихаты өтеді. Аталмыш телеарна - халықаралық және Қазақстан күрес федерациясының ұйғарымымен елордада өтетін әлемдік доданың бас хабар таратушысы, ал «Қазақстан» телерадиокорпорациясы негізгі ақпараттық серіктесі болды.
Ресми шараға ҚР грек-рим күресінің вице-президент Дәулет Тұрлыханов, ҚР еркін күрес федерациясының вице-президенті Ерлан Қожасбай және әйелдер күресінен вице-президенті Гюзель Манюрова, сондай-ақ, «QAZSPORT» телеарнасының директоры Павел Цыбулин қатысады.
Баспасөз мәслихаты барысында жарыстың қалай өтетіндігіне тоқталып, телеарна жұмысына қатысты сұрақтарға жауап береді.
Елордада дәл осындай шара тұңғыш рет өтеді. «QAZSPORT» телеарнасы жарыстың алғашқы күнінен бастап тікелей эфирде жұмыс істейді. Жарыс қарсаңында телеарнаның редакторлары Ұлттық құраманың дайындығы жөнінде арнайы хабарлар дайындады. Сонымен қатар байрақты бәсеке кезінде «QAZSPORT» телеарнасының студиясы тікелей эфирде жұмыс істеп, спорт әлеміндегі танымал тұлғалармен сұхбат жүргізеді.
100-ге тарта мемлекеттен келген 900-ге жуық балуан Токио Олимпиадасының жолдамасы үшін бақтары мен баптарын безбенге салады. Әр салмақ дәрежесіндегі үздік 6 спортшы жапон жерінде өтетін жарысқа қатысуға мүмкіндік алады. Еліміздің және әлемнің түкпір-түкпірінен келген мыңдаған жанкүйер «Барыс-Арена» спорт кешенінде бас қосады.
Бас қаладағы «Барыс-Арена» кешенінде өтетін байрақты бәсекені «QAZSPORT» телеарнасы тікелей эфирде ұсынады. Жерлестерімізге біздің арнамен жанкүйер болайық!