Елордада әлем чемпионаттарынан олжалы оралған отандастарымыз марапатталды
Нұр-Сұлтан қаласында бокс, күрес, ауыр атлетика және құзға өрмелеу сынды спорт түрлерінен әлем біріншіліктеріне қатысып, жүлделі оралған спортшыларды марапаттау рәсімі өтті. Ресми шараға ҰОК-нің Президенті Тимур Құлыбаев қатысып, жүлдегерлерді құттықтады.
Қазақ боксшылары Ресей еліндегі додада 6 медаль жеңіп алды. Бекзат Нұрдәулетов азулы қарсыластарынан басым болып, алтыннан алқа тақса, команда капитаны Қамшыбек Қоңқабаев күмісті қанағат тұтты. Василий Левит, Абылайхан Жүсіпов, Тұрсынбай Құлахмет, Сәкен Бибосынов қола медаль еншіледі.
Сондай-ақ, елордадағы байрақты боз кілем бәсекесінде алтын бұйырмаса да, 7 спортшы жүлдегер атанды. 8 балуан Токио Олимпиадасына жолдама алды.
Ауыр атлетикадан Игорь Сон ел қоржынына күміс жүлде салды.
Құзға өрмелеуші Ришат Хайбуллин қоламен қатар Олимпиада ойындарына қатысуға мүмкіндік алды.
Бәсі биік жарыстарда ел абыройын асқақтатқан спортшылар мен бапкерлерге арнайы сыйлықтар табысталды.
Естеріңізге сала кетейік, "QAZSPORT" телеарнасы бас қаладағы байрақты бәсекенін бастан-аяқ көрсетсе, Екатеринбург қаласында өткен әлемдік доданы ширек финалдан бастап көрермен назарына ұсынды.
Фото: ҚР ҰОК