Тоқаев допингке қатысты Заңға қол қойды
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "ҚР Спорт және дене шынықтыру туралы кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына қол қойды. Бұл туралы спорт комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Заң жобасы допингке қарсы ережелерді бұзғандардың жауапкершілігін қатаңдатуға, Ұлттық допингке қарсы ұйымның мәртебесін күшейтуге бағытталған.
Хабарламада: "Қолданыстағы заңнамаға допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу, атап айтқанда спортшыға допинг тағайындаған адамдарға қатысты әкімшілік жауапкершілікті енгізу қажеттілігі туындады. Ол 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түрінде жазаны көздейді" — делінген.
Заң жобасында допингті пайдаланған спортшыны жарыстардан шеттетіп, спорттағы нәтижесін жою және біліктілік ұпайларын немесе балдарын алып тастау, ақшалай көтермелеуді қайтару, спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыруды төлеуді тоқтату, спортшыларға, жаттықтырушыларға және клуб командаларының басшыларына ай сайынғы ақшалай қамтуды тоқтату, спорттық атағынан айыру, Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпионы және жүлдегері тұрғын үйді пайдалану шартын бұзу, спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама және штаттық құрама командаларының құрамынан спортшыларды, жаттықтырушыларды шығару жазалары қарастырылған.