Басты Жаңалықтар Параволейболдан Қазақстан құрамасы алғаш рет Азия чемпионы атанды

Параволейболдан Қазақстан құрамасы алғаш рет Азия чемпионы атанды

Параволейболдан Қазақстан құрамасы алғаш рет Азия чемпионы атанды

Қытайдың Ханчжоу қаласында параволейболдан өткен Азия чемпионатының финалында Қазақстан ұлттық құрамасы Қытай командасын 3:2 есебімен (22:25, 19:25, 25:19, 25:20, 15:8) жеңіп, өз тарихында алғаш рет Азия чемпионы атанды.

Финалдық ойындар қорытындысы бойынша Қазақстан – бірінші, Қытай – екінші, Таиланд құрамасы – үшінші орынға ие болды.

«Өткен жылы Париж Паралимпиадасында жоғары нәтиже көрсеткен құрама бүгін де елімізге қуаныш сыйлады. Бұл - параволейбол құрамасы тарихындағы, жалпы ел спортындағы ірі жеңістердің бірі. Азия чемпионатының бүгінгі нәтижесі бойынша ұлттық құрамамыз 2026 жылы Әлем чемпионатына қатысады», - деді Параволейбол федерациясының президенті Дүйсенбай Тұрғанов.

Чемпионат барысында жоғары шеберлік көрсеткен ұлттық құраманың бірнеше ойыншысы жеке марапаттарға ие болды. Эрик Каскабаев – үздік доп беруші, Шыңғыс Медеуов – үздік либеро, ал Алмат Оспанов – үздік блок қоюшы атанды.

Еске салсақ, 2024 жылғы Париж Паралимпиадасында параволейболдан ұлттық құрама 5-і орын иеленген болатын.

Бөлісу