Басты Жаңалықтар Қазақстан Азиаданы тарихи нәтижелермен қорытындылады

Қазақстан Азиаданы тарихи нәтижелермен қорытындылады

Қазақстан Азиаданы тарихи нәтижелермен қорытындылады

Жапонияның Аичи–Нагоя қалаларында өткен ХХ жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 84 медаль жеңіп алды. Қоржында 12 алтын, 24 күміс және 48 қола бар. Ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте 8-орынға тұрақтап, Ханчжоудағы нәтижесін үш сатыға жақсартты.
🥊 Бокста Қазақстан 12 жылдан кейін Азиада алтынына қайта қол жеткізді. Төрехан Сабырхан мен ұлттық құрама капитаны Айбек Оралбай чемпион атанды.
🤺 Семсерлесуден ерлер құрамасы сапымен семсерлесудегі алғашқы Азиада алтынын жеңіп алды. Финалда Корея Республикасын 43:42 есебімен ұтты. Бұл жетістік Азия және әлем чемпионаттарындағы тарихи жеңістердің жалғасы болды.
🚣 Академиялық есуде Владислав Яковлев пен Иван Чернухин ерлер арасындағы қос ескекті қайық жарысында топ жарып, Қазақстанға осы спорт түрінен алғашқы Азиада алтынын сыйлады.
🥋 Таеквондодан Тамирлан Тілеулес 58 келіге дейінгі салмақта чемпион атанып, Қазақстан тарихындағы осы спорт түрінен тұңғыш Азиада алтынын иеленді.
🚴 Велоспортта Алексей Луценко Азиададағы алтын медаль санын алтыға жеткізді. Рината Сұлтанова әйелдер арасындағы велоспорттан Қазақстанға алғашқы алтынды әкелді.
🥋 Каратеден Жоламан Биғабыл мен Софья Берульцева чемпион атанды. Берульцева үшін бұл Азия ойындарындағы екінші алтын.
🥊 Аралас жекпе-жек Азиада бағдарламасына алғаш рет енгізіліп, Қазақстан спортшылары бірден екі алтын және бір қола медаль жеңіп алды.
🥋 Дзюдодан ұлттық құрама жекелей сында алғаш рет төрт финалға шықты. Елдос Сметов, Әбиба Әбужақынова, Әділет Алмат және Ажар Асхат күміс жүлдеге ие болды. Аралас командалық сында да Қазақстан күміс медаль жеңіп алды.
🤸 Спорттық гимнастикада Милад Карими еркін жаттығуда күміс жүлдеге ие болып, Қазақстанға осы бағдарламада 32 жылдан кейін Азиада медалін әкелді.
🤼 Еркін күрес шеберлері үш қола медаль жеңіп алды. Әйелдер құрамасы бір күміс және екі қола жүлдеге ие болды. Бұл нәтиже Ханчжоудағы көрсеткіштен жоғары.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Азиаданы 84 медальмен және жалпыкомандалық есептегі 8-орынмен аяқтады. Бірқатар спорт түрінен ұлттық құрама ел тарихындағы жаңа белестерді бағындырды.

Бөлісу