Астанада каратеден Kazakhstan Open халықаралық турнирі өтеді

11-13 шілде аралығында Астана қаласындағы Beeline Arena спорт кешенінде WKF каратеден Kazakhstan Open халықаралық турнирі өтеді.
Бұл турнир елімізде сегізінші рет ұйымдастырылып отыр. Спортшылар кумитэ және ката бағдарламасында жүлдеге таласады және келесі жас ерекшеліктерін қамтиды:
· жасөспірімдер (12–13 жас)
· юниорлар (14–17 жас)
· жастар (18–20 жас)
· ересектер (18 жастан асқандар)
Қазақстан атынан әлем және Азия чемпионатының жүлдегерлері мен чемпиондары — Әлихан Қадырғали, Венера Жақсыбаева, Олжас Алтынбек, Мирас Әбдіқадыр, Сұңқар Қанибек сынды үздік спортшылар қатысады. Турнирге 6 елден (Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь, Қазақстан және бейтарап команда құрамында (Ресей Федерациясы) 700–800 спортшы қатысады.
Бұл турнир Қазақстан құрамасы үшін рейтингтік жарыс саналады. Оның қорытындысы бойынша жастар құрамасы жасақталып, 2025 жылғы қыркүйекте Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін Азия чемпионатына жолдама алады.