Алматыда жасөспірімдер арасында Ролан Гарросқа іріктеу турнирі өтеді

4-9 тамыз аралығында Алматы қаласында Орталық және Батыс Азия елдерінің 17 жасқа дейінгі жас теннисшілері арасында Ролан Гаррос турниріне іріктеу жарысы өтеді. Бұл турнир Қазақстан мен Азия теннис федерацияларының қолдауымен екінші рет ұйымдастырылып отыр.
Қазақстан теннис федерациясының мәліметінше, жарысқа Өзбекстан, Қырғызстан, Иордания, Иран, Сауд Арабиясы және Түрікменстан елдерінен келген жас спортшылар қатысады.
Іріктеу сайысының финалистері қазан айында Жапонияда өтетін турнирге жолдама алып, Францияның әйгілі «Ролан Гаррос» чемпионатына қатысу мүмкіндігі үшін таласады.
Қазақстан атынан Родион Трайгель, Мансұр Сайынов, Ратмир Пулькевич, Аңсар Ниетқалиев, Даниэль Юрекли, Еркежан Жаңатаева, Әдия Омарбек, Ляйсан Нұрышева, Каролина Лигай және София Малышева сынды жас теннисшілер ел намысын қорғайды.