Футболдан Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері ауысты
Футболдан Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері ауысты. Ұлттық құрама тізгіні алдағы уақытта Рәзия Нүркенованың қолында болмақ.
Рәзия Нүркенова Қарағанды футбол мектебінің түлегі. Футболшы ретінде жергілікті «Олимп» командасы сапында өнер көрсетіп, КСРО құрамына шақырту алған. КСРО ыдыраған тұста самаралық ЦСК ВВС клубына ауысып, кейінгі жылдары Ресей құрамасы сапында доп тепкен.
2003 жылдан бастап бапкерлік қызметте болып, ЦСК ВВС, «Крылья Советов» секілді ресейлік клубтарды жаттықтырған. 2007 жылдан бастап Ресей қыздар құрамасының аға жаттықтырушысының көмекшісі. Футболдан бірінші дәрежедегі төреші.
Жаңа бапкер қызметіне ағымдағы жылдың 1-ші шілдесінен бастап кірісетін болады.
Еске сала кетейік, бұған дейін құраманың тізгінін қазақстандық маман Айтпай Жамантаев ұстаған еді.