Киокушин-кай-каратэден IV әлем чемпионатының финалдық бәсекелерін «QAZSPORT» тікелей эфирде көрсетеді
7-8 желтоқсан күндері Нұр-Сұлтан қаласында киокушинкай-кан-каратэ жекпе-жегі бойынша ерлер мен әйелдер арасында 4-ші Әлем чемпионаты өтеді.
Қазіргі таңда Масутацу Ояма негізін қалаған спорт түрі кеңінен етек жайып келеді. Киокушин жауынгерлерінің мықты рухы мен ұтымды техникасы аралас жекпе-жектерде, К-1 сериялы жарыстар мен әлемнің арнайы жасақ қызметтерін даярлау кезінде бірнеше рет дәлелденді.
Бас қаладағы байрақты бәсеке халықаралық «Kyokushin World Union» қауымдастығы аясында өткізіледі. Бұл ұйым 2011 жылы құрылып, Швейцарияның Лозанна қаласында тіркелген. KWU ұйымының басты міндеті – барлық киокусин федерацияларын бір тудың астына біріктіру.
2019 жыл барысында әлемнің 60-тан астам мемлекетінде ұлттық іріктеу турнирлері өтті. Елордадағы халықаралық додаға әлемнің түкпір-түкпірінен ең мықты деген каратэ шеберлері қатысады. Әлем біріншілігінде 54 елден келген 300-ден астам спортшы бақ сынайды. Еліміздің намысын 30 спортшы қорғайды.
Атажұрттағы айтулы аламанды «QAZSPORT» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Жеңіске бірге жетейік!