Астанада Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің Бас ассамблеясы өтті
25 қарашада Астанада Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің Бас ассамблеясы өтіп, ұйымның 2024–2026 жылдардағы жұмысы қорытындыланды. Жиында алдағы кезеңнің басым бағыттары талқыланып, бірқатар маңызды шешім қабылданды.
Жиынға Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкин, ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, ҰОК бас хатшысы Әлімжан Ақаев, Атқарушы комитет мүшелері мен ұлттық спорт федерацияларының өкілдері қатысты.
Геннадий Головкин есептік кезеңде ҰОК ұлттық құрамалардың тоғыз ірі халықаралық кешенді жарысқа қатысуына қолдау көрсеткенін атап өтті. Сонымен қатар Қазақстан өкілдері халықаралық және Азия спорт ұйымдарында 58 басшылық қызмет атқарып отырғанын жеткізді.
Оның айтуынша, Қазақстан 2027 жылы бокс, дзюдо, үстел теннисі және таеквондодан әлем чемпионаттарын өткізеді. Бұдан бөлек шорт-тректен жасөспірімдер арасында әлем біріншілігі және мәнерлеп сырғанаудан Төрт құрлық чемпионатын өткізу де біздің еншімізде. Сондай-ақ еліміз 2029 жылғы Х қысқы Азия ойындарын Алматыда ұйымдастыру құқығына ие болды.
Бас ассамблеяда 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін, іріктеу кезеңі 2027 жылдың басынан басталып, жолдамалары сарапқа салынатын Олимпиада ойындарына дайындық мәселесі де көтерілді.
Жиында ұйымның 2025 жылғы шоғырландырылған қаржылық есебі бекітіліп, «Эрнст энд Янг» компаниясы 2026 жылға ҰОК-нің тәуелсіз аудиторы болып қайта тағайындалды. Сондай-ақ Сквош федерациясын Ұлттық Олимпиадалық комитет мүшелігіне қабылдау туралы шешім мақұлданды.
Бас ассамблея отырысы соңында Олимпиадалық қозғалыс пен отандық спорттың дамуына үлес қосқан бірқатар азамат марапатталды. Мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров Қазақстан ҰОК-нің ең жоғары марапаты – ҰОК орденінің иегері атанды. Сонымен қатар спортшылар мен спорт саласының өкілдеріне I және II дәрежелі құрмет белгілері, сондай-ақ ҰОК Құрмет грамотасы табысталды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы