Қазақстан құрамасы семсерлесуден Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды
Үндістанның Дели қаласында өтіп жатқан семсерлесуден Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы төртінші жүлдесіне қол жеткізді.
Кезекті жарыс күнінде ерлер арасындағы командалық шпага бәсекесінде Қазақстан құрамасы чемпион атанды. Финалға Ерлік Сертай, Вадим Шарлаимов, Никита Жулинский және Кирилл Проходов шықты.
Алтын медаль үшін өткен кездесуде қазақстандық семсерлесушілер Жапония құрамасымен күш сынасты. Қарсылас команда соңғы екі Олимпиада ойындарында алтын және күміс жүлде жеңіп алған болатын.
Тартысты өткен финалда командалар соңына дейін тең дәрежеде өнер көрсетті. Нәтижесінде отандастарымыз 45:40 есебімен жеңіске жетіп, Азия чемпионы атанды.
Осылайша Қазақстан құрамасының қоржынында төрт медаль бар. Бұған дейін Ирина Бакалдина жекелей шпага сайысында алтын жүлде жеңіп алса, Руслан Курбанов қола медаль иеленген еді. Сондай-ақ ерлер арасындағы командалық қылыш сайысында Қазақстан құрамасы қола жүлдеге қол жеткізді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы